ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖАҢАРУДА

Сурет: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан облысында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасып келеді. Соның ішінде жол саласы – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі тіректерінің бірі. Бұл тұрғыда 2018 жылы қайта құрылған Келес ауданында соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеу байқалады.
Аудан құрылған алғашқы кезеңде ішкі жолдардың жағдайы күрделі болатын. Ресми деректерге сүйенсек, елді мекендердегі жолдардың небәрі 21 пайызы ғана қанағаттанарлық деңгейде болған. Тозығы жеткен көшелер тұрғындардың күнделікті қатынасына, жүк және жолаушы тасымалына едәуір қолайсыздық туғызған.

Осы мәселені шешу мақсатында аудан көлемінде жол жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынды. 2019 жылы Келес ауданында 23 жол нысаны жөндеуден өтті. Келесі жылы бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жанданып, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 16 көше жаңартылды. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен тағы 16 жолға жөндеу жүргізілді.

2021 жылы да жол саласына қаржы бөлініп, бағдарламалық негізде 2 көше, ал аудандық бюджет арқылы 6 жол қайта жөнделді. 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 7 жол нысаны іске асырылып, елді мекендердегі көлік қозғалысы біршама жақсарды.

Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары 2023–2024 жылдары да тоқтаған жоқ. Аталған кезеңде тиісінше 9 және 15 көше жаңартылып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына жағдай жасалды. Ал өткен жылы аудан аумағында 21 жол нысанын жөндеу жоспарланып, бүгінде бұл жұмыстардың басым бөлігі жүзеге асырылуда.

Жалпы алғанда, 2019 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта Келес ауданында 115 көше мен жол нысаны жөндеуден өткен. Жүйелі әрі жоспарлы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан ішіндегі қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайызға дейін өсті.

Мамандардың айтуынша, жол сапасының артуы тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда елді мекендер арасындағы байланыс жақсарып, жедел жәрдем, өрт сөндіру және өзге де қызметтердің қозғалысы жеңілдеген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мен шағын кәсіпкерліктің дамуына да оң ықпалын тигізіп отыр.

Алдағы кезеңде Келес ауданында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын табады. Жоспарға сәйкес, қалған көшелерді кезең-кезеңімен жөндеп, жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін одан әрі арттыру көзделген. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік және экономикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік бермек.