Жексенбі, 8 Маусым

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ТҮЛЕК ЕУРОПА ЖӘНЕ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕН БІЛІМ ГРАНТТАРЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

Түркістан облысы Келес ауданындағы №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Әбубәкір Арманұлы шетелдік бірқатар беделді жоғары оқу орнынан халықаралық білім гранттарын жеңіп алды. Жас түлек Франция, Италия, Литва және Малайзия университеттерінен ресми шақырту алған.

Атап айтқанда, ол:

  • Италияның John Cabot University оқу орнынан – 50% оқу грантына,
  • Франциядағы American University of Paris университетінен – 70% грантқа,
  • Литвадағы LCC International University оқу орнынан – жартылай грантқа,
  • Малайзиядағы Xiamen University Malaysia университетінен – толық 4 жылдық оқу грантына ие болды.

Бұл жетістік – бірнеше жылдық қажырлы еңбектің, жүйелі дайындық пен үздіксіз қолдаудың нәтижесі. Арманұлының жетістігінде ата-анасының демеуімен қатар, ағылшын тілі пәні мұғалімі әрі сынып жетекшісі Ұлықбек Бердалиевтің кәсіби бағыт-бағдары ерекше рөл атқарды.

Қазіргі таңда Әбубәкір Түркия үкіметінің Türkiye Bursları, Болгариядағы American University in Bulgaria және Оңтүстік Корея университеттерінен де нәтиже күтуде.

Ақпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.