Түркістан: Мақтаарал ауданында 200 орындық мәдениет үйі ашылды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Ынталы елді мекенінде жаңа 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады.
Мәдениет үйі «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС тарапынан құрылып, 2024 жылдың мамыр айында басталған. Жер телімінің жалпы ауданы – 1 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 1 273 шаршы метр. Конкурстық құны – 794 млн теңге. Нысанның ашылуымен 70-тен астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Ғимаратта шығармашылық үйірмелер, концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуге арналған кең көлемді залдар қарастырылған. Сонымен қатар заманауи талаптарға сай кітапхана ашылып, спорттық үйірмелерге де орын берілген.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәдениет саласына қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтіп, биылғы 13 наурызда Мақтаарал тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің шешілгенін хабарлады. Атап айтқанда, бұрын қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалған Нұрлыбаев және Достық ауылдық округіндегі мәдениет үйлері аяқталып, халық игілігіне берілді. Сонымен қатар, А.Қалыбеков ауылдық округіндегі мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Мырзакент кентіндегі орталық саябақ толық жаңғыртылды.
Бүгінгі таңда ауданда 10 мәдениет мекемесі жұмыс істеп, жастар мен оқушылар би, домбыра, қолөнер, эстрада және басқа бағыттар бойынша өз өнерлерін шыңдап келеді. Мәдениет нысандары өңірдегі шығармашылық және білім беру инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі





