ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ӨНДІРІСТІК КООПЕРАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТАРТУ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ӨНДІРІСТІК КООПЕРАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТАРТУ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік және сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған жаңа жоба іске аса бастады. Атап айтқанда, «Атамекен» кеден бекеті маңынан бой көтеретін «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығының (ХӨКО) аумағына инфрақұрылым тарту жұмыстары ресми түрде басталды.

Құрылыс алаңында өткен арнайы жиынға облыстық және аудандық басқарма өкілдері, мердігер ұйымдар мен жобалаушылар қатысты. Жиын барысында:

  • автомобиль және теміржол жолдары,
  • электр және газ желілері,
  • ауыз су мен кәріз жүйелері,
  • байланыс және телекоммуникация инфрақұрылымын тарту бойынша жобалық шешімдер талқыланды.

Мамандар жобада пайдаланылатын материалдардың сапасына, желілердің өткізу қабілетіне, қауіпсіздігіне және ұзақ мерзімді тиімділігіне баса назар аударды. Сонымен қатар аймақтың климаттық және географиялық ерекшеліктері мен шекаралық логистика артықшылықтары да ескерілді.

Инновациялық технологиялар мен энергия үнемдейтін шешімдер енгізу мәселесі де көтерілді. Жобалаушылар ұсынылған техникалық сызбаларға қатысты пікір алмасып, инженерлік түйткілдерге нақты шешімдер қабылдады.

Жиын қорытындысында әр кезең бойынша жауапты тараптар нақты белгіленіп, үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.

Бұл жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы интеграциялық серіктестікті тереңдетуге, сондай-ақ Мақтааралдың экономикалық әлеуетін арттыруға серпін бермек.