Түркістан: Маңғыстау облысының жұмыс тобы тәжірибе алмасу үшін өңірге келді

Түркістан: Маңғыстау облысының жұмыс тобы тәжірибе алмасу үшін өңірге келді

Түркістан облысында инвестициялық ахуал жақсарып, өндіріс саласы қарқынды дамып келеді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар еліміздің басқа аймақтарының қызығушылығын тудырып отыр. Осыған байланысты Маңғыстау облысынан жұмыс тобы Түркістанға келіп, өңір тәжірибесімен танысты.

Іссапардың алғашқы күні делегация Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовпен кездесіп, өңіраралық әріптестік пен даму бағдарламаларын талқылады. Қонақтар шаһардың тарихи-мәдени нысандарын — Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, «Ұлы дала елі» мұражайын және «Күлтөбе» қалашығын аралады.

Сапардың екінші күні «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен шағын өндірістік паркте жалғасты. Маңғыстаулықтар «Жасыл Суық Қазақстан», «Aqniet Holding», «BNK Group», «Daulet Holding» және «Тұран Су» компанияларындағы өндіріс барысымен танысты. Сонымен қатар, Ордабасы және Сайрам аудандарындағы өндіріс орындары мен жылыжайларға барып, жұмыс үдерісін көрді.

Қонақтар Түркістан облысының тәжірибесін өз өңірлеріне енгізуге мүдделі екенін жеткізді. Айта кетейік, облыста 15 индустриялық аймақ пен «TURAN» АЭА жұмыс істейді. Мұнда 129 жоба жүзеге асырылып, олардың 95-і іске қосылған. АЭА қатысушыларына әкімдік тарапынан түрлі жеңілдіктер мен қолдау шаралары көрсетіледі.