ТҮРКІСТАН: НЕГІЗСІЗ БАҒА КӨТЕРГЕН 62 ДҮКЕНГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков салалық басқарма басшыларымен мәжіліс өткізіп, тапсырмалардың орындалу барысын талқылады.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің мәліметінше, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы қатаң бақылауда. Биыл өңірлік комиссия 44 рет жиын өткізіп, бағаны негізсіз көтерген 62 сауда нүктесіне айыппұл салған.

Жиында Түркістан–Шымкент–Сарыағаш бағытындағы күре жол бойындағы кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін реттеу мәселесі қаралды. Басқарманың дерегінше, жол бойында 149 нысан бар, оның 85-іне жөндеу қажет. Алайда Нұрбол Тұрашбеков бұл мәліметтің нақты еместігін айтып, нысандарды аудан-қала кесіндісі бойынша қайта зерделеуді тапсырды.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерін жүйелі өткізіп, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Ғалымжан Төлеповке күзгі ағаш отырғызу жұмыстарының нәтижесін нақтылау жүктелді. Ал ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков мал қозғалысын тіркеу және кіріс-шығыс есебін жүргізудегі мәселелерді баяндады.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары хаттамалық тапсырмалардың орындалуын тексеріп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер қойды.