Түркістан облыстық «Жастар рухы» қанатына жаңа жетекші сайланды

Бүгін Түркістан қаласындағы Достық үйінде «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Түркістан облыстық филиалының IV есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияны партияның облыстық филиалы төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жүргізді.
Жиынға партия және жастар ұйымдарының өкілдері, аудандық және қалалық филиалдардың жетекшілері, белсенді жастар қатысты.
Конференция күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды:
- Жансерік Бауыржанұлының есепті мерзім аралығында атқарған жұмыстары тыңдалды.
- Жаңа төрағаны сайлау.
- Жастар саясаты бойынша жаңа жұмыс бағыттары талқыланды.
Алтынсары Дүйсенбекұлы Жансерік Бауыржанұлының Түркістан облысындағы «Жастар рухы» қанатын абыроймен басқарғанын атап өтті. Оның бастамасымен «AMANAT-AQYLMAN» және «QAISAR» патриоттық ойындары сәтті өткізілген, экологиялық акциялар мен волонтерлік жұмыстар жоғары бағаланды.
Конференция делегаттары дауыс беріп, жаңа төрағаға Еркебұлан Мадиярұлы сайланды. Еркебұлан Мадиярұлы 2020 жылдан бері ұйымда волонтерлік қызмет атқарып, консультант ретінде тәжірибе жинаған, өз қызметін адал және жауапкершілікпен атқарып келген.
Жаңа төраға өз сөзінде сенім артқаны үшін партия өкілдеріне алғысын білдіріп, жастар саясатын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Конференцияда жастар қанатының өңірдегі белсенді жұмысы, волонтерлік іс-шаралар, экологиялық және патриоттық акциялар, сондай-ақ жастарды ортақ мақсатқа біріктіру шаралары жоғары бағаланды.
Алтынсары Дүйсенбекұлы конференцияны қорытындылай келе, облыстық жастар қанатының жұмысы жалғасын табатынын, жас буынның азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру мен қоғам дамуына белсенді араласуына жағдай жасалатынын айтты.





