ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖӨНІНЕН ЕЛДЕ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны бойынша республикада жетекші орынға ие. Өңір елімізде өндірілетін жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызын қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 1 трлн 226 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар, экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы осы өңірге тиесілі.

Ет өндірісін жүйелі түрде дамыту мақсатында бүгінде облыста жалпы құны 49 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылған жағдайда қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, экспорт көлемі екі есеге артпақ. Бұл туралы брифинг барысында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, 2025 жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артық. Көкөніс пен бақша дақылдары 117,5 мың гектар алқапты қамтыды. Нәтижесінде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімі, 5 млн тонна мал азығы және 428 мың тонна шитті мақта жиналған.

Сонымен бірге, су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы едәуір кеңейді. Мұндай әдістер енгізілген алқап көлемі 59 мың гектарға артып, жалпы 114 мың гектарға жетті. Бұл өз кезегінде су ресурстарын 30–50 пайызға дейін үнемдеуге, ал өнімділікті 20–30 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.

2025 жыл өңір үшін мақта шаруашылығында да айрықша табысты болды. Соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркеліп, гектар берекелігі орта есеппен 30 центнерді құрады. Жалпы 428 мың тонна шитті мақта жиналды. Экспортқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім өндіруге көшу мақсатында облыста мақта-тоқыма кластерін құру жобасы бастау алды. Бұл бағытта жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 ірі жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, жылыжай шаруашылығы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Өткен жылы жылыжайлар көлемі 75 гектарға ұлғайып, 1 715 гектарға жетті. Бұл республикадағы жылыжай алаңының 76 пайызы Түркістан облысына тиесілі екенін көрсетеді. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілген.

Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша да өңір алдыңғы қатарда. 2025 жылы ауыл шаруашылығы саласына 246 млрд теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7,4 млрд теңге бөлініп, 3,5 млрд теңгеге 401 жоба қаржыландырылған. Бұл бастамалар өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған нақты қадамдар болып отыр.