Түркістан облысы ауыл шаруашылығында рекордтық көрсеткішке жетіп, республикада көш бастады

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені биыл рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, республикада көш бастап тұр. Бұл туралы өңірлік дамудың негізгі бағыттары мен ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстар жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.
Облыс әкімінің айтуынша, 2025-2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды іске асырудың арнайы Жол картасы бекітілген. Жол картасы аясында жалпы құны 295,5 млрд теңгеге 78 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл оның 31-і бастау алған, бүгінгі күні 27 жоба 60,8 млрд теңгеге іске асырылып, 1030 жаңа жұмыс орны құрылған.
– Түркістан – ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше қолайлы өңір. Біз өнімді тек шикізат күйінде сата бермей, терең өңдеуге басымдық беріп, заманауи технологияларды енгізудеміз. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде айтарлықтай экономикалық өсім байқалады. Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есеге ұлғайды. Сонымен қатар тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд теңге инвестиция бағытталып, 1,3 есеге өскен, – деді Нұралхан Көшеров.
Өңірдің экспорттық әлеуеті де айтарлықтай артқан. Биыл облыстан ауыл шаруашылығы өнімдері 355,5 млн АҚШ долларына экспортталып, 1,1 есеге көбейген. Жалпы өндірілген өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн 86,9 млрд теңгеден асқан. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көш бастайды.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға ұлғайған. Дала жұмыстарына қажетті жанар-жағар май, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар және тұқымдар уақытылы жеткізілген. Нәтижесінде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімі, 5 млн тонна мал азығы дақылы және 428 мың тонна мақта жиналды.
Өңірде өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту жұмысы да қарқынды жүргізілуде. Биыл жылыжайлардың жалпы аумағы 75 гектарға ұлғайып, 1715 гектарға жетті. Бұл республикадағы жалпы көлемнің 76 пайызын құрайды. Бірінші айналымнан 102 мың тонна көкөніс жиналып, келесі жылы жылыжайлар көлемін қосымша 62 гектарға арттырып, үлесті 80 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар Келес ауданында ірі жылыжай кешені – «Ecoculture Eurasia» жобасы 500 гектар алаңда салынып жатыр. Жоба жыл бойына 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік береді және 7 мың жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Биыл жобаның алғашқы кезеңі іске қосылады деп күтілуде.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров атқарылған жұмыстардың ауыл шаруашылығын дамытумен қатар, өңір тұрғындарының табысын арттыруға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ол агроөнеркәсіп кешенін одан әрі тереңдетіп дамыту, заманауи технологияларды енгізу және экспорттық әлеуетті арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы осы нәтижелер республикада көш бастаған көрсеткіштер ретінде бағаланып, өңірдің агроөнеркәсіптік даму стратегиясының тиімділігін дәлелдейді. Жол картасы мен инвестициялық жобалардың жүйелі іске асырылуы, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу арқылы облыс ауыл шаруашылығында рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр.





