Түркістан облысы: Қазығұртта «Отбасын қолдау орталығы» ашылды

Қазығұрт ауданында отбасылық саясатты нығайтуға бағытталған жаңа әлеуметтік нысан – «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Бұл мекеме Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасы аясында іске қосылды.

Жаңа орталықта 14 штаттық қызметкер жұмыс істейді. Екі қабатты ғимаратта 14 жатын орын, 6 жұмыс бөлмесі және азаматтарды қабылдау үшін арнайы 2 бөлме қарастырылған. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе қиын жағдайға тап болған азаматтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Қызметтер 9 бағыт бойынша ұсынылады.

Ашылу рәсімінде аудан әкімі Азизхан Исмаилов орталықтың маңызын атап өтіп, оның өңір тұрғындарына нақты көмек көрсететініне сенім білдірді.