Түркістан облысы мен China Railway Asia-Europe ынтымақтастығы нығаяды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd. компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй Түркістанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады.
Астанадағы LRT жобасына қатысқан қытайлық компания өңірде ірі инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция құюға ниетті. Тараптар Түркістан қаласының Шығыс айналма жолы мен Өзбекстан шекарасынан Шардара–Арыс бағытындағы жол құрылысы бойынша келіссөздер жүргізді. Бұл транзиттік бағыт өңірдің логистикалық әлеуетін арттыруға және көрші елдермен экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды өңір. Ұсынылып отырған жоба – Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің нақты көрінісі. Біз толық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Кездесуде құрылыс материалдары зауытына қатысты жобаның шарттары да талқыланды.
China Railway Asia-Europe – 2015 жылы құрылған, жарғылық капиталы 300 млн юань болатын құрылыс-инвестициялық компания. Орталық Азияда көлік, энергетика, инфрақұрылым салаларында белсенді жұмыс істеп келеді.





