ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН CHINA RAILWAY ASIA-EUROPE ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd. компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй стратегиялық ынтымақтастықты талқылады. Кездесуде инфрақұрылым, көлік және құрылыс саласындағы бірлескен жобалар сөз болды.
Қытайлық компания Түркістан өңіріндегі Шығыс айналма жолы мен Өзбекстан шекарасынан Шардара–Арысқа дейінгі жол құрылысына қызығушылық танытып отыр. Бұл көлік дәлізі халықаралық транзиттік әлеуетті арттырып, өңірлік логистиканы дамытпақ.
– Түркістан – Жібек жолының бойындағы маңызды стратегиялық аймақ. Біз халықаралық серіктестікті дамытуға дайынбыз. Жобалар Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара сенімді серіктестіктің нақты көрінісіне айналады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Кездесуде құрылыс материалдары зауытын салу бастамасы да қаралды. Жобаның кезеңдері мен техникалық негіздемесі талқылануда.
China Railway Asia-Europe – 2015 жылы құрылған, жарғылық капиталы 300 млн юань. Компания Орталық Азияда көлік, энергетика, инфрақұрылым және химия өнеркәсібі салаларында ірі жобаларды іске асырып келеді. Бұған дейін Нұр-Сұлтандағы LRT жобасына қатысқан.





