ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫ АРАСЫНДА 7 МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫ АРАСЫНДА 7 МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Астана қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастықтың ІІ форумы аясында Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасының ірі компаниялары арасында 7 маңызды құжатқа қол қойылды. Оның ішінде 5 ірі инвестициялық жоба мен екі бауырластық келісім бар.

Форумға Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінің іскер топтары мен шенеуніктері қатысып, экономикалық ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өз баяндамасында өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, күн энергетикасы және көлік инфрақұрылымы салаларындағы мүмкіндіктерді атап өтті. Ол шетелдік инвесторларды Түркістанмен танысып, нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

Форум аясында жалпы құны 108 млн АҚШ долларын құрайтын екі ірі жоба бойынша келісімге қол қойылды:

  • 18 млн долларлық биотехнологиялық қалдықтарды қайта өңдеу зауыты жобасы (қытайлық Tangshan Huating Ceramics Co., Ltd. компаниясымен);
  • 90 млн долларлық Циндао индустриялық паркін салу жобасы (қытайлық China Qingdao Wanlin Group компаниясымен), 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісім жасалды.

Форум барысында В2В форматында келіссөздер жүргізіліп, тараптар өңіраралық экономикалық байланыстарды нығайту жолдарын талқылады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков бұл кездесулердің екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға серпін беретініне сенім білдірді.