Түркістан облысы: Ордабасы ауданынан 2 мың оқушы жазғы лагерьге аттанды

Ордабасы ауданындағы мектеп оқушылары жазғы демалысты мазмұнды әрі пайдалы өткізу мүмкіндігіне ие болды. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Urker» жазғы сауықтыру лагеріне алғашқы 300 оқушы жол тартты. Олар – Амангелді, Ш.Уалиханов, Темірлан, С.Нұрмағамбетов, Бәйтерек, С.Ысмайылов, Н.Оразбаев және Жусансай мектептерінің оқушылары.
Жалпы алғанда, биыл Ордабасы ауданынан 2 мыңға жуық бала жазғы сауықтыру лагерлеріне қамтылады. Бұл – балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру және олардың бос уақытын мазмұнды өткізуге жағдай жасау бағытындағы маңызды шара.
«Urker» лагері оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, достықты нығайтатын ортаға айналуда. Мұнда тәрбиелік мәні зор шаралармен қатар, ойын-сауық пен спорттық бағдарламалар қарастырылған. Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысы үшін білікті тәрбиешілер мен медицина мамандары қызмет етеді.
Ордабасы аудандық білім бөлімі жыл сайын балалардың жазғы демалысына ерекше көңіл бөліп, әр баланың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуге ұмтылады.