ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1000 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1000 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ
Түркістан облысында жол инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Биылғы жылы өңірде 1181 шақырым жол мен көше құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 929 шақырымнан астамы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Түркістан облысындағы жалпы жол ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның 678 шақырымы республикалық маңыздағы жол болса, 3983 шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Қалған 11 305 шақырым – елді мекен көшелері.
Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысы сараланды. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, сапасыз жұмыстар үшін әкімдер мен басқарма басшыларына тәртіптік шара қолданылатынын ескертті.
Негізгі мәліметтер:
- Облыстық маңызы бар 225,5 шақырым жол жөнделуде (19,6 млрд теңге бөлінген);
- Аудандық маңызы бар 130,7 шақырым жол жөнделуде (3,1 млрд теңге бөлінген);
- Елді мекен көшелері бойынша 831,2 шақырым жол қамтылған (жыл соңына дейін 774,4 шақырым пайдалануға беріледі);
- «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 391,8 шақырым көше жөнделуде;
- 2025 жылы жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95%-ға жетпек.
Жиында құрылыс материалдарына қатысты мәселелер мен мердігерлердің жауапкершілігі де көтерілді. Мемлекеттік сатып алуларды жеделдетіп, мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауға алу тапсырылды.