Түркістан облысында 17 отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп тұр

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024-2025 жылдары Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында «Отбасын қолдау орталықтары» ашылды. Қазіргі таңда өңірде 17 орталық жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен орталықтардың қызметін жетілдіру және материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері бойынша жиын өтті. Оған жауапты басқарма өкілдері мен орталық директорлары қатысты.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова орталықтарда жүргізілген зерделеу нәтижесінде шешімін қажет ететін бірқатар мәселелер анықталғанын баяндады. Атап айтқанда, жеке ғимаратпен қамту, интернет қолжетімділігін арттыру, штаттық құрылымды нормативке сәйкестендіру және мамандардың біліктілігін арттыру қажеттілігі бар.

Облыс әкімінің орынбасары:

«Отбасы – қоғамның іргетасы. Зорлық-зомбылық, ерте жүктілік және құқықбұзушылықтың алдын алу үшін орталықтардың жұмысын күшейту қажет. Қылмыс көрсеткіші жоғары аймақтарды картаға енгізіп, әлеуметтік осал топтарға тұрақты көмек көрсетіңіздер», – деді.

Бүгінгі таңда облыстың цифрлық отбасы картасында D және E санатындағы 507 мыңнан астам отбасы тіркелген. Олардың әлеуметтік деңгейін анықтау үшін FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылып, орталықтарды тіркеу жұмысы жалғасып жатыр.

Орталықтардың негізгі қызметі — отбасы институтын нығайту, неке мен отбасын сақтау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және ақпараттық-түсіндіру шараларын ұйымдастыру.