Түркістан облысында 41 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталды

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1300 мектепті жаңғырту бағдарламасы аясында 115 білім беру мекемесі реновация жобасына енгізілді. Бүгінде өңірдегі 41 мектепте алғашқы күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Қазіргі таңда Отырар, Төлеби, Шардара, Сауран, Қазығұрт, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласындағы мектептерде дайындық және демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Сынып бөлмелері босатылып, қажетті мүлік уақытша қоймаларға жеткізілуде.

Жаңғырту жұмыстары 2025 жылдан 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Биыл 41 мектеп жөндеуден өтсе, келесі жылы – 38, 2027 жылы – 36 мектеп жаңартылады. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы бұл үдерісті жеке бақылауына алып, тиісті бөлімдер мен мердігерлерге нақты тапсырмалар берген.

Жөндеуден өтетін мектептердің басым бөлігі – ауылдық жерлерде орналасқан, салынғанына 30-40 жыл болған нысандар. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл мен қала арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту, заманауи стандарттарға сай оқу ортасын қалыптастыру.