Түркістан облысында 70-ке жуық жаңа жағажай ашу жоспарланып жатыр

Түркістан облысында суға шомылу маусымында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында 70-ке жуық ашық жағажай ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
30 адам қаза тапқан, оның 13-і – бала
Оразгелді Дүйсеннің айтуынша, 2024 жылдың басынан бері облыс аумағында түрлі жағдайлармен 30 адам суға кетіп, оның 13-і – кәмелет жасына толмаған балалар болған.
– «Облыстағы басты мәселелердің бірі – арнайы шомылу орындарының жеткіліксіздігі. Өткен жылы тек 14 ресми жағажай ғана жұмыс істеді. Бұл – 2 миллионнан аса халқы бар өңір үшін тым аз», – деді ол.
Жағажайлармен қатар аквапарк те салынады
Сала басшысы облыс әкімінің тапсырмасы негізінде биыл 70-ке жуық жаңа жағажай ашу көзделіп отырғанын айтты. Сонымен қатар өңірде аквапарк салу жобасы да қарастырылып жатыр.
Қайғылы оқиғалардың 45%-ы – канал мен арықтарда
Былтырғы деректер бойынша суға кету жағдайларының 45%-ы каналдар мен арықтарда тіркелген. Осыған байланысты жыл басынан бері 742 рейд ұйымдастырылып, қауіпсіздік ережесін бұзған 53 азаматқа 730 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Төтенше жағдайлар қызметі облыс тұрғындарын суға шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.