Түркістан облысында 800-ден астам түлек «Серпін» бағдарламасы бойынша грант иегері атанды

Түркістан облысында 800-ден астам түлек «Серпін» бағдарламасы бойынша грант иегері атанды

Түркістан облысында биыл 802 мектеп түлегі «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің жоғары оқу орындарынан білім грантын жеңіп алды. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Сержанұлы хабарлады.

Оның айтуынша, жастар арасындағы жұмыссыздықты және NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында 2025 жылы 12 мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 50 мыңнан астам жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ал биылдың өзінде 128 мыңнан аса жасқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес берілген.

«Биыл I тоқсан қорытындысы бойынша облыстағы 15-34 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың үлесі 1,9%-ды құрады. Ал NEET көрсеткіші 5,8%-ға төмендеді. Мектеп түлектерімен кездесуге еліміздің 8 жоғары оқу орнының өкілдері арнайы келіп, бағдарламаны насихаттау нәтижесінде 802 түлек тегін оқуға түсті», – деді Пердебек Сержанұлы.

Сондай-ақ, облыста 132 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Онда 18 мыңнан астам жас тіркеліп, қоғамдық шараларға белсенді араласуда. Жыл басынан бері облыс аумағында 6 бағыт бойынша еріктілер қозғалысы шеңберінде 408 сенбілік ұйымдастырылып, оған 197 мыңнан аса жас қатысқан.

Жастарды қолдау мен әлеуметтендіру бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасады.