ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРОӨНЕРКӘСІПТІК ҚУАТ АРТТЫ: ТҮЛКІБАСТА ҰН ӨНДІРЕТІН КЕШЕН ЖАҢАРТЫЛДЫ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді күшейтуге бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – өңірдің экспорттық әлеуетін ұлғайтып, қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыру.
Осы бағытта Түлкібас ауданында «MK ALTYN NAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұн өндіретін зауыты толық жаңғыртудан өтіп, қайта іске қосылды. Өндірістік нысанның жұмысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып танысты.
Кәсіпорын ұжымымен өткен кездесуде облыс басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту – өңір экономикасының маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған осындай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, өнім өңдеу көлемін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеген. Түлкібаста іске қосылған бұл зауыт – сол тапсырмалардың өңірлік деңгейде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Жаңартылған өндіріс орны облыстың өндірістік әлеуетін күшейтіп, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Инвесторлардың бастамасына қолдау көрсету алдағы уақытта да жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Аталған зауыт бидайды өңдеуге маманданған. Кәсіпорын алғаш рет 1986 жылы жұмысын бастағанымен, 2018 жылы қызметі тоқтаған болатын. 2024 жылдың соңында мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, зауыт толықтай жаңғыртылды. Нәтижесінде өндірістік қуаттылығы айтарлықтай артып, заманауи технологиялар енгізілді. Қазіргі таңда кәсіпорын жылына 120 мың тоннаға дейін бидай өңдеуге мүмкіндік алады. Зауытта 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Түлкібас өңірінде өндірілетін ұн бүгінде еліміздің ішкі нарығымен қатар, Өзбекстан, Түркіменстан және Ауғанстан мемлекеттеріне экспортталуда.
Жаңғыртылған диірмен кешенінің іске қосылуы Түркістан облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қоспақ.





