Түркістан облысында әлем чемпионы Шұғыла Өмірбекке автокөлік сыйға берілді

Түркістан облысында әлем чемпионы Шұғыла Өмірбекке автокөлік сыйға берілді,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының мүшесі, түркістандық балуан Шұғыла Өмірбек 55 келі салмақта жеңімпаз атанған еді. Финалда ол түрік спортшысы Туба Демирді 12:8 есебімен ұтып, еліміздің абыройын асқақтатты.
Жеңісті спортшыны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қабылдап, марапаттап, жаңа автокөліктің кілтін табыстады.
«Бұл жеңіс – тек Шұғыланың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Мұндай жетістік үлкен еңбек пен тәртіптің жемісі. Облыста спорт инфрақұрылымын дамыту мен жас таланттарды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі осы. Болашағы бар спортшыларды қолдау – біздің міндетіміз. Ендігі мақсат – Олимпиадада жеңіс туын көтеру», – деді өңір басшысы.
Шұғыла Өмірбектің жеке бапкері Нұржігіт Ерімбетов те марапатқа ие болды. Оған алғыс хат және қаржылай сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің директоры Дәурен Тәңірбергеновке де облыс әкімінің алғыс хаты берілді.
Әлем чемпионы мен оның бапкері көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, Олимпиадаға дайындықты күшейтетіндерін айтты.
Бүгінде Түркістан облысында күрес спорты, әсіресе әйелдер күресі ерекше қарқынмен дамып келеді. Соңғы жылдары өңірдің бұрымды балуандары Азия чемпионаттарында 17, ал әлемдік додаларда 5 медаль жеңіп алған.





