Түркістан облысында алғаш рет модульді 5 жазғы лагерь ашылады

 

Түркістан облысында биыл алғаш рет модульді 5 жазғы лагерь іске қосылады. Бұл туралы turkistan.today мәлімдеді.

Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Қазығұрт және Ордабасы аудандарындағы лагерлерге 54 модульді жатын бөлме, 2 асхана, 4 әжетхана орнатылып, бір ауысымда 1 мыңнан астам баланы қабылдауға мүмкіндік жасалады. Бұл жоба лагерьлердегі орын тапшылығын шешуге бағытталған.

«Төлеби Нұры», «Тау шыңы», «Балауса», «Тау барысы» және «Балдәурен» лагерлерінде биылғы жазғы маусымда 10 мыңға жуық бала тынығады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңірдегі барлық жазғы сауықтыру лагерьлерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, «Самал» лагері 20 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтті.

Жалпы, биыл Түркістан облысында 41 мыңнан астам бала 31 жазғы сауықтыру лагерінде демалады. Балаларға арналған демалыс тек тынығу емес, тұлғалық, шығармашылық және рухани дамуға бағытталған. Лагерьлерде ойын-сауық, мәдени және спорттық іс-шаралар әр күнге жоспарланған.

Жазғы сауықтыру маусымы 1 маусымнан басталады.