ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ САПАЛЫ ОРЫНДАЛЫП КЕЛЕДІ

 

Түркістан облыстық мәслихатында өткен соңғы мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының қызметі, сондай-ақ партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы кеңінен талқыланды. Жиынды партияның облыстық филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбеталиев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде Жол картасының орындалу барысы мен орындалмай қалу қаупі бар нысандар туралы есеп тыңдалды. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы жанындағы «Әйелдер қанаты» Түркістан облыстық филиалының атқарған жұмыстары баяндалып, әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру мәселесі қарастырылды.

Мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жол картасының орындалу барысына тоқталып, оның негізгі бағыттарын атап өтті. Ол Жол картасының 2025 жылға жоспарланған 121 іс-шараның 77-сі орындалғанын, 30-ы орындау үстінде екенін мәлімдеді. Жол картасы аясында 3 трлн теңге көлемінде қаржы жоспарланған, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді. Облыс әкімі өз сөзінде ауыл шаруашылығының өңір экономикасындағы маңыздылығын атап өтіп, 2025 жылға өнім көлемінің 1,2 трлн теңгені құрағанын және өсімнің 101,2 пайыз деңгейінде орын алғанын жеткізді. Сонымен қатар, өңірде мақта, ет және жүгері кластерлерін дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.

Мақта кластері бағытында 5 жоба іске асырылып, 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды, 201 млрд теңге инвестиция тартылды. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетті. Ал 229 мың тонна мақта өңделіп, 2 мақта өңдеу зауыты мен 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндіріс іске қосылды. Сонымен қатар, жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталған.

Жүгері кластері бойынша Шардара ауданында «Казкрахмал» зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның құны – 35 млрд теңге, 251 жаңа жұмыс орны ашылады. Жылына 150 мың тонна жүгері терең өңделіп, 26 түрлі өнім шығарылады. Бұл кластер ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және экспортқа шығару әлеуетін арттыруға бағытталған.

Ет кластері бағытында облыста 7 жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың жалпы құны 50 млрд теңгені құрайды, қуаттылығы – 35 мың тонна, 802 жаңа жұмыс орны ашылады. Айрықша атап өту керек, Орталық Азияда баламасы жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін кешендер салынып жатыр. Сонымен қатар, заманауи мал биржасы да іске қосылады. Бүгінгі күні «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бесқара» ет өңдеу кешендері толық жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде қосымша 35 мың тонна ет өңделеді.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен 25,6 млрд теңгеге 6 бағыт бойынша 3750 жобаға несие берілді. Бұл жобалардың нәтижесінде 39 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 23 гектарға 477 жылыжай салынды. Шағын кәсіпкерлік 3 662 бірлікке артып, 4 174 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұндай жүйелі жұмыстар өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға, жұмыс орындарын көбейтуге және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

Өңірде сапалы жұмыс орындарын құру мақсатында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында жыл басынан 132 мың жұмыс орны құрылып, жоспар артығымен орындалды. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға азайды. Үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарды. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелер тұрақты бақылауда ұсталып келеді.

Білім беру саласында «Келешек мектептері» жобасы аясында 23 мың орындық 29 мектеп құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда 28 мектеп пайдалануға беріліп, 1 мектептің құрылысы аяқталу үстінде. Жергілікті бюджет есебінен тағы 17 мектеп салынуда, биыл 4 мектеп пайдалануға берілді, қалғандары келесі жылға өтпелі. Жалпы облыс бойынша 154 мектеп жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Бұл мектептерде оқушыларға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған.

Медицина саласында ауылдарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимарат салынды. 3 аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету деңгейі 84,7 пайызға жетті. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру үшін 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды.

Мәдениет саласында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 9 млрд теңгеге 15 мәдени нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл 5 нысан пайдалануға берілсе, қалған 10 нысан келесі жылы толық аяқталады. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласында 500 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл жобалар өңірдің мәдени өмірін дамытуға, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.

Жиын барысында партияның Әйелдер қанатының Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Қалыйма Жантөреева атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Облыстық Әйелдер қанатымен бірлесе отырып, саяси шешім қабылдай алатын белсенді әйелдердің базасын қалыптастыру, көшбасшы әйелдердің санын арттыру, қоғамдағы беделін нығайту және әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту бойынша өңірлік бағдарламалар жүзеге асырылатыны атап өтілді. Сонымен қатар, партия хатшысы Шолпан Каринова әйелдердің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған негізгі бастамаларды таныстырды.

Мәжіліс соңында Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының Қаулы жобасы қабылданып, партияның облыс бойынша алдағы кезеңге арналған стратегиялық бағыттары бекітілді.