Түркістан облысында биыл 16 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 29 мектептің құрылысы жоспарланып, олардың 13-і пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 16 мектептің іске қосылуы күтілуде. Сонымен қатар, «Қауіпсіз мектеп» жобасы арқылы білім алушылар оқулықпен, ыстық тамақпен және қосымша білім берумен қамтылып отыр.
Бұдан бөлек, мектептерді жаңғырту жұмыстары да қарқын алған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025-2027 жылдары облыста 115 мектеп жаңғыртудан өтпек. Биылдың өзінде 41 мектепті жаңғырту жоспарланған: 15 мектепке ағымдағы жөндеу, 26 мектепке күрделі жөндеу жүргізілмек.
Ауыл мектептерінің көбі 30-40 жыл бұрын салынған. Жөндеу жұмыстары тек ғимараттармен шектелмейді — асхана, кітапхана, спорт зал, пән кабинеттері мен сыныптар толық жабдықталады. Қауіпсіздік жүйелері мен жиһаздар жаңартылады. Күрделі жөндеу қажет 26 мектептің 6-уы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылса, 3 мектеп «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделмек.