Түркістан облысында есірткіге қарсы жаңа кеңес құрылды: қоғам белсенділері мен полиция бірікті

Түркістан облысында есірткіге қарсы жаңа кеңес құрылды: қоғам белсенділері мен полиция бірікті
— деп хабарлайды Pressa24.kz.
Түркістан облысында есірткіге қарсы күреске қоғам белсенділері мен полиция бірігіп кірісті. ҚР ІІМ нұсқау хатына сәйкес, өңірде алғаш рет Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес құрылды.
Кеңес төрағасы болып облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуанышбек Сахов тағайындалды. Кеңеске танымал спортшылар, журналистер, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік қызметкерлер кірді. Төраға орынбасары – облыстық мәслихат депутаты С.Арыстанов. Мүшелер қатарында У.Рахиев, Е.Төлепов, Ә.Халиллаев, О.Алтаева, Л.Бекеева, М.Жұмаханұлы, Х.Мохаммад, Қ.Абенов, Е.Төлегенов, Қ.Зайнишев, А.Ілескен, Г.Кипчакбаева сынды азаматтар бар.
Кеңес мүшелеріне арнайы куәліктер табысталды. Бұл — полиция мен азаматтық қоғамның бірлескен іс-қимылының нақты көрінісі. Кеңестің мақсаты — есірткі қылмысына қарсы күрес, заң мен тәртіпті сақтау, жастарға салауатты өмір салтын насихаттау.
Түркістан облысы ПД мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы үш айында есірткіге қатысты 113 құқық бұзушылық анықталып, 140 келіге жуық есірткі тәркіленген. Сонымен қатар, 34 мыңнан астам адам қатысқан 311 түсіндірме іс-шара өткізілді. 305 есірткіге үгіт жүргізетін сайт бұғатталып, 50 жарнамалық жазба жойылды. Қызметтік иттердің көмегімен 40 рейд жүргізілді.
Жиын соңында кеңес мүшелері ортақ мақсат жолында бірігіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдіріп, естелік суретке түсті.