ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА БАСЫМДЫҚ: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫНДА ЖАҢА ӨНДІРІСТЕР ҚАРАЛДЫ

 

Түркістан облысында өндірістік секторды күшейту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары жүйелі жалғасып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында өңірде салынып жатқан және жоспарланған зауыттардың жүзеге асу барысы талқыланды.

Кеңеске облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ инвесторлар қатысты. Жиында өндіріс орындарын уақытылы іске қосу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер рәсімдеу және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану мәселелері қаралды.

Аймақ басшысы жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлермен жеке кездесіп, туындаған мәселелерді тыңдады. Инженерлік желілерге қосылу, логистика, өндірістік алаңдарды дайындау және әкімшілік рәсімдерді жеделдету бағытында жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді. Инвестициялық жобалардың сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.

Биыл өңірде бірқатар өндіріс орындары іске қосылмақ. Сауран ауданында арматура шығаратын кәсіпорын құрылыс материалдарына деген ішкі сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге тағам қалдықтарын ұсақтайтын жабдықтарды өндіру жобасы жүзеге асуда.

Созақ ауданында жаңа өнеркәсіптік алаң қалыптастырылып жатыр. «Инкай» кен орнында аффинаж зауытының құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында автоклавты газобетон блоктары мен қабырғалық панельдер шығаратын өндіріс орны бой көтеруде. Бұл жобалар құрылыс саласының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Арыс қаласында өсімдік майын өндіретін зауыт салынып жатыр. Өнім ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа да бағытталмақ. Мақтаарал ауданында металл өңдеу кәсіпорны іске қосылады. Онда профлист, құбыр, сэндвич-панель және жеңіл болат құрылымдары өндірілмек.

Сарыағаш ауданында кірпіш шығару цехы салынуда. Жетісайда пластик жәшіктер өндіру жобасы жүзеге асуда. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлар көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай кешенін салуда. Бұл агроөнеркәсіп өнімдерін жыл бойы сақтауға және экспорт көлемін арттыруға жол ашады.

Жиын қорытындысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктері нақтыланып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан өндірістік бастамалар экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.