Түркістан облысында «Келешек мектептері» бағдарламасы бойынша жаңа білім ордасы іске қосылды

Түркістан облысында білім беру сапасын арттыруға бағытталған «Келешек мектептері» жобасы аясында тағы бір жаңа оқу орны ашылды. Арыс қаласының «Тараз» ықшамауданында бой көтерген №2 жаңа мектеп ресми түрде жұмысын бастап, көп жылдан бері қордаланған орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Білім ошағының директоры Талғат Сағатұлының айтуынша, бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан ауқымды жоба негізінде салынған. Жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілген мектеп Арыстағы үш білім ұйымының жүктемесін едәуір азайтты.
Оның сөзінше, бұған дейін «Нұрсая» ықшамауданындағы И.Журба атындағы мектеп пен Ақдала ауылындағы С.Ерубаев атындағы мектепке 1100-ден астам оқушы шоғырланып, оқу үдерісіне айтарлықтай қиындық туындаған. Сонымен бірге «Онтам» ықшамауданындағы «Ынтымақ» шағын жинақты мектептің жабылуы жағдайды күрделендірген. Жаңа мектептің ашылуы осы үш нысандағы орын тапшылығын толығымен жойып, балаларды кең, жарық әрі заман талабына сай кабинеттерге орналастыруға мүмкіндік берді. Мұғалімдердің жүктемесі азайып, оқу сапасын арттыруға қолайлы жағдай жасалды.
600 орынға арналған жаңа мектепте қазіргі уақытта 515 оқушы білім алуда. Олармен 49 педагог еңбек етеді, оның 30-ы басқа мектептерден ауысып келген тәжірибелі мамандар. Мектепте 56 оқу кабинеті жабдықталған: 15 бастауыш сынып бөлмесі, робототехника және STEM зертханасы, сенсорлы бөлме, хореография, логопед, психолог және әлеуметтік педагог кабинеттері бар. 30 оқушыға арналған кітапхана, қыздарға арналған аспаздық бөлме және ұлдарға арналған шеберхана да оқу үдерісінің бір бөлігіне айналды.
Сонымен қатар физика, химия, биология, география, тарих, тіл және информатика кабинеттері жаңа стандарттарға сай толық жабдықталған. Оқушылардың спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған: екі спорт залы (бастауыш және жоғары сыныптарға жеке), футбол, баскетбол, волейбол, теннис алаңдары, алғашқы әскери дайындыққа арналған арнайы аймақ және бастауыш сынып оқушыларына ойын алаңы қарастырылған. Асхана 170 орынға лайықталған, ал АКТ залы 130 орынға есептелген.
Жоба өңірдегі білім инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды бөлігі болып табылады. Түркістан облысында «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында 29 жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – облыстағы демографиялық өсім мен білім беру қажеттіліктерін толыққанды қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс.
Жаңа мектептің ашылуы Арыс қаласының білім беру саласын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріп, оқушыларға қолайлы орта қалыптастыруға үлкен үлес қосты.





