Түркістан облысында көгалдандыру және қоқыс полигондарын реттеу жұмыстары қатаң бақылауда

Түркістан облысында көгалдандыру және қоқыс полигондарын реттеу жұмыстары қатаң бақылауда,деп хабарлайды Пресса24.кз.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте елді мекендерді көгалдандыру және тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселелері талқыланды. Облыс басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров көгалдандыруда кемшіліктер бар екенін айтып, егілген көшеттердің сапасына бақылауды күшейтуді жүктеді. Әрбір әкімдік өкілі тұқымбақтардан көшеттерді өзі алып, арнайы қағидаларға сәйкес отырғызуды және оларды суару мен қорғауды жүйелеуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар, барлық аудандар мен қалаларда жерсінетін көшеттерді өсіретін өз тұқымбақтары болуы тиіс.

Жиында Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев есеп берді. Биыл облыс бойынша 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланған. Көктемде 439 965 түп көшет егілген. Бұған қосымша демеушілер мен жергілікті бюджет есебінен тағы 69 874 көшет отырғызылып, көктемгі маусым қорытындысы бойынша 510 мыңға жуық көшет егілген.

2021-2025 жылдарға арналған көгалдандыру жоспарына сәйкес, облыстағы 801 елді мекеннің 90 пайызын көгалдандыру үшін 4 миллионға жуық көшет отырғызу көзделген.

2024 жылдың күзі мен 2025 жылдың көктемінде отырғызылған көшеттердің орташа өнімділігі 63,5 пайызды құрап отыр. Арыс, Түркістан қалалары мен Созақ, Келес, Ордабасы, Шардара аудандарында көшеттердің өсу көрсеткіші жоғары. Ал Сарыағаш, Бәйдібек, Отырар, Жетісай аудандарында жұмыстар жүйелі жүргізілмей, суару мен күтім төмен деңгейде ұйымдастырылған. Кентау қаласы және бірқатар аудандарда да көшеттерге тиісті күтім жасалмаған.

Арыс қаласында көшет өсіру мен көгалдандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Елді мекендердің 50-60 пайызы жергілікті өндірілген көшеттермен қамтамасыз етілуде. Суару жүйесі, қажетті техника, арнайы цехтар бар. Күтіп-баптау жұмыстары тәулік бойы кезекпен жүргізіледі. Осы үлгіні өзге өңірлерде де енгізу тапсырылды.

Мәжілісте облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жай-күйі де қаралды. Қазіргі таңда өңірде 128 қоқыс полигоны тіркелген, олардың 70 пайызы санитарлық талаптарға сай емес. Бұл бағытта 16 жоба дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. 2024 жылы үш полигон салуға облыстық бюджеттен 598 миллион теңге бөлінген.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» жүргізген мониторинг нәтижесінде 8 ауданда бейберекет қоқыс тасталған 107 нүкте анықталып, оның 81-і жойылған. Қоқысты өңдеу және полигондарды реттеу жұмыстары жалғасады.