Түркістан облысында өткен «Бірлік жарысына» 6 мыңнан астам адам қатысты

Түркістан облысында өткен «Бірлік жарысына» 6 мыңнан астам адам қатысты, — деп хабарлайды Pressa24.kz.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Түркістан облысында ауқымды жүгіру марафоны — «Бірлік жарысы» ұйымдастырылды. Бұл ерекше шара облыстың барлық аудан-қалаларында бір мезгілде өтіп, 6 мыңнан аса адамды қамтыды.

Облыс орталығы Түркістан қаласында өткен марафонға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, түрлі этнос өкілдері, қала тұрғындары мен әуесқой спортшылар қатысты. «Денсаулық» саябағынан бастау алып, «Достық» үйіне дейін жалғасқан жарыс 6,2 шақырым қашықтықты қамтыды. Мұнда 2000-нан астам адам белсенділік танытты.

Іс-шараның басты мақсаты — ел ішіндегі этностар арасындағы бірлік пен татулықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау. Жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санатқа бөлініп, ерлер мен әйелдер арасында өзара мықтыны анықтады.

Марафон соңында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жеңімпаздарды арнайы дипломдар және медальдармен марапаттады. Бұл бастама – елдің бірлігі мен салауатты қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.