Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес күшейтілді

 

Түркістан облысында шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан залалсыздандыру жұмыстары жалғасуда. Бүгін Келес ауданында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен штаб отырысы өтіп, негізгі мәселелер талқыланды.

Соңғы мәліметтер бойынша, өңірде 703 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілген. Оның 367,7 мың гектары жоспар бойынша, ал 335,2 мың гектары қосымша анықталған ошақтар есебінен дәріленді. Бұл жұмыстар демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылған.

Бақылаушылардың айтуынша, негізгі ошақтар жойылып, қазір шегіртке саны экономикалық зиян шегіне жетпейтін алқаптарды тазалау жұмыстары жалғасуда. Арыс, Сарыағаш, Келес, Бәйдібек аудандарында күнделікті мониторинг жүргізіліп, қажеттілігіне қарай химиялық өңдеу шаралары қолға алынған. Сонымен қатар, Жамбыл облысымен шекаралас аумақтарда кезекші техникалар жұмыс істеуде.

Нұрбол Тұрашбеков анықтаушылар санын көбейтуді, техникалардың жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды және Өзбекстанмен шекаралас аумақтарды күнделікті қадағалап, есеп тапсыруды тапсырды.