Түркістан облысында су тапшылығы мәселесі талқыланды: жеті ауданның диқандары Ордабасыда жиналды

Түркістан облысында су тапшылығы мәселесі талқыланды: жеті ауданның диқандары Ордабасыда жиналды

Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасында Түркістан облысының жеті ауданынан келген шаруалар бас қосып, ағын су тапшылығы мәселесін талқылады. Кеңеске облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты.

Жиында суармалы жерлерді тиімді пайдалану, суды үнемдеу және су жеткізудегі әділ кезектілік мәселелері көтерілді. Қазіргі таңда «Бөген» су қоймасында 230,5 млн текше метр су жиналған. Бұл – қойманың жалпы 370 млн м³ сыйымдылығына қарағанда әлдеқайда аз. Сонымен қатар, «Қараспан» су торабының 79 мың гектар жерге су жеткізу мүмкіндігі бар екені айтылды.

Шаруалармен кездесуде мамандар суды үнемдеудің маңыздылығын баса айтып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заманауи технологияларды енгізу қажеттігін еске салды. «Кез-келген бау мен бақша байбаламмен емес, бабымен өседі» деген облыс әкімінің орынбасары, өнім түріне қарай суды әділетті бөлу қажеттігін ескертті.

Жиын соңында шаруалар құрбандық шалып, бірлік пен берекеге тілек тіледі.