ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНДІРУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНДІРУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ,-деп жазады Пресса24.кз.

Түркістан облысында егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында 2026 жылға арналған жоспардың орындалу барысы сараланды. Жиынға Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Биыл аталған үш ауданда 77 шаруашылық 7 228 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жер жырту жұмыстары Мақтаарал ауданында – 90%, Шардарада – 81%, Жетісайда – 80% деңгейінде орындалған. Сонымен қатар 22,6 мың гектар жерде сор шаю шаралары жүргізіліп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Облыс әкімінің орынбасары суғару маусымы басталғанға дейін сор шаю жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ мақта алқаптарын кеңейту барысында су үнемдеу әдістеріне басымдық беру қажеттігін атап өтті.

Өткен жылы өңірде 114 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, нәтижесінде 195 млн текше метр су үнемделген. Бұл тәжірибені кеңінен тарату және шаруаларға мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде толық ақпарат беру міндеті қойылды.

Қазіргі уақытта облыста жалпы қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтуға мүмкіндік беретін су үнемдеу қондырғыларын өндіретін 4 кәсіпорын жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау аясында 5 кәсіпорын шаруаларға қызмет көрсетуде. Бүгінде 4 мың гектардан астам алқапты қамту бойынша келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар 1 842 гектар жерді суғарудың жаңа әдісіне көшіру бойынша құжаттар субсидиялауға ұсынылған.

Жиын қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.