Түркістан облысында талапқа сай келмейтін полигондар жабылып, ретке келтірілуде

Түркістан облысында талапқа сай келмейтін полигондар жабылып, ретке келтірілуде,- деп хабарлайды Pressa24.kz.
Түркістан облысы аумағында орналасқан 128 тұрмыстық қалдық полигонының 70%-ы санитарлық-экологиялық талаптарға сай келмейтіні анықталды. Бұл полигондардың басым бөлігінде электр, су, қоршау, арнайы көму шұңқырлары сияқты инфрақұрылым жоқ.
Мәселені шешу мақсатында облыс әкімдігі «Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондарды оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру жоспарын» бекітті. Жоспар аясында 2020-2023 жылдары аудандық бюджет есебінен 16 жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. 2023 жылы Созақ ауданындағы үш ауыл округінде жаңа полигон құрылысы басталды.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданында 8, Отырар ауданында 16 полигон жабылып, олардың жері мемлекеттік қорға өткізілді. Бұл жұмыстар өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті арттыру және ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қолға алынған.