Түркістан облысында төрт бірдей қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Түркістан облысында төрт бірдей қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды
Түркістан облысында алаяқтық сипаттағы қаржылық схемаларға қарсы ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Бахтияр Жүзенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылы департаменттің бастамасымен «Charoit», «Eoulus», «Chia-Tai», «Q-Net» атты төрт қаржы пирамидасының заңсыз қызметі әшкереленіп, жұмысын тоқтату бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу нәтижесінде аталған ұйымдарға қатысты 25 күдіктіге айып тағылып, 1 000-нан астам жәбірленушіден жалпы сомасы 400 миллион теңге көлемінде қаражат жымқырылғаны анықталған.
Қазіргі уақытта департамент «Datamain Ai», «Асар баспана», сондай-ақ бұрын да тергелген «Chia-Tai» секілді тағы бірқатар күмәнді ұйымдарға қатысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда.
— Алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында Түркістан қаласындағы 36 желілік саябақта QR-кодтар орнатылып, қаржы пирамидаларының тізімі жария етілді. Сонымен қатар, интернет кеңістігінде таралған 1 500-ден астам алаяқтық чат бұғатталды. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында мектептер мен жоғары оқу орындарында тұрақты түрде ақпараттық дәрістер өтуде, — деді Б.Жүзенов.
Қаржылық пирамидалардан сақтану және экономикалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған бұл шаралар халықты алданудан қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Қоғамдық орындарда да қаржы пирамидаларының қауіптілігі туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Айта кетейік, өткен жылы республика көлемінде ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі 20 миллиард теңгеден астам шығын келтірген қаржы пирамидалары бойынша 68 қылмыстық істі тергеген. Соның нәтижесінде 13 миллиард теңге жәбірленушілерге қайтарылған.