Түркістан облысында ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңгеден беріледі

Жеңістің 80 жылдығына орай Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілмек. Бұл туралы Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанабілов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Сонымен қатар, тыл еңбеккерлері мен Жеңіске үлес қосқан өзге де азаматтарға 50-100 мың теңге аралығында қаржы бөлінеді. Аталған мақсатта аудан-қала бюджеті есебінен жалпы сомасы 212,8 млн теңге қарастырылған.
Қазіргі таңда облыс бойынша 8 ҰОС ардагері тіркелген. Олардың барлығына жыл бойы медициналық, әлеуметтік қолдау көрсетіліп, бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, 3008 азаматқа «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалі табысталып, ардагерлерге Мемлекет басшысының арнайы құттықтауы жеткізілуде.
Брифингте сөз алған Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Байғұтов ардагерлердің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік карта дайындалғанын айтты. Осы карта арқылы олардың нақты қажеттіліктері анықталып, емдеу-сауықтыру қызметтері ұйымдастырылады. Биылдың өзінде 61 тыл еңбеккері санаторийлік емдеумен қамтылған.