ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА 560 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ БІЛІМ АЛАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА 560 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ БІЛІМ АЛАДЫ
2024-2025 жаңа оқу жылында Түркістан облысындағы мектептерде 568 мыңға жуық оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде 1-сыныпқа 48 мыңнан астам бала қабылданады. Қазірдің өзінде 32 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттауға дайын.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында білім нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды. Әкім мектеп құрылыстары мен жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтауды, білім ұяларын қатты және сұйық отынмен қамтуды, жылыту маусымына толық дайын болуды қатаң тапсырды.
Облыста өткен оқу жылында 1093 мектеп жұмыс істеген. Биыл жаңа құрылыстар мен «Келешек мектептері» жобасы аясында мемлекеттік мектептер саны 13-ке артып, 935-ке жетпек. Жалпы 29 жаңа мектептің 13-і іске қосылып, 9 мектепте оқу процесі басталған. Қалғандары 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 115 мектеп жаңғырту жобасына енгізіліп, 41 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда 110 білім нысанында жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Құрылыс және күрделі жөндеумен қатар, гидравликалық сығымдау және жылыту жүйелерін дайындау шаралары да қолға алынған. 378 мектепке 60,5 мың тонна көмір жеткізу үшін мердігерлермен келісімшарт жасалған. Ал 831 нысан табиғи газбен жылытылады.
Биыл облыс бюджетінен 17 білім нысанының құрылысы қаржыландырылып отыр. Оның ішінде 11 мектеп, 1 колледж жатақханасы және 5 қосымша білім беру ұйымы бар. Төрт нысан биыл пайдалануға беріледі, қалғаны 2026 жылға өтпелі.
Жаңа оқу жылында өңірдегі барлық мектептер 100% дайын болуы тиіс. Білім сапасы мен қауіпсіздікке басымдық берілмек.





