ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАППАЙ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Шараға аймақ бойынша 50 мыңнан астам тұрғын қатысып, 17 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды.
Экологиялық акцияға облыс әкімі Нұралхан Көшеров те қосылып, Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында көшет екті. Ол ардагерлермен, зиялы қауым өкілдерімен және жастармен кездесу барысында аймақты көгалдандырудың маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы – баршаға ортақ іс. Қоршаған ортаның тазалығы – қоғамның тазалығы. Әрбір тұрғын өз ауласын, өз қаласын таза ұстап, ағаш егуге үлес қосуы тиіс. Бүгін белсенділік танытқан ардагерлерге, жастарға және тазалық қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді Нұралхан Көшеров.
«Парасат» саябағында 120 көшет отырғызылып, жасыл аймақтың көлемі артты. Сенбілікке қатысқан мәдениет саласының өкілі Ұлжан Мұстафаева:
– Бұл шараға арнайы немеремді ертіп келдім. Мақсатымыз – туған қаланың гүлденуіне үлес қосу. Барша түркістандықтарды осы игі іске атсалысуға шақырамын, – деді.
Аймақтағы көгалдандыру мен тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Автор: Бердалы Ораз





