Түркістан облысында жазғы лагерьлерде санитарлық талаптар күшейтілді

Түркістан облысында жазғы лагерьлерде санитарлық талаптар күшейтілді,-деп хабарлайды Пресса24.

Түркістан облысында жазғы маусымда 32 сауықтыру лагері балаларды қабылдайды. Оның ішінде 11-і мемлекеттік, 21-і жекеменшік. Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық санитарлық талаптар ерекше бақылауға алынған. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді.

Маманның айтуынша, биыл 41 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылмақ. Мемлекеттік лагерлерде 7 ауысым бойынша 16 718 бала қабылданады. Сонымен қатар, 5 лагерьде 52 модульді жатақхана орнатылып, қосымша 7500 орын ашылмақ. Жекеменшік лагерлер де әр ауысымда шамамен 5400 балаға дейін қабылдауға дайын.

Асқар Ысқақов аймақтағы тамақтан улану жағдайларына да тоқталды. Қазіргі таңда облыстағы 3 883 кәсіпкерлік нысан бақылауға алынған. Соңғы үш жылда Келес, Сайрам аудандары мен Арыс, Кентау және Түркістан қалаларында бес жаппай улану оқиғасы тіркеліп, 200-ден астам адам зардап шеккен. Биыл наурызда Түркістанда 68 адам фаст-фуд өнімдерінен уланған..