Түркістан облысында жазғы маусымда 41 мыңнан астам оқушы лагерьмен қамтылады

Түркістан облысында жазғы маусымда 41 мыңнан астам оқушы лагерьмен қамтылады,-деп хабарлайды Pressa24.kz.

Түркістан облысында биыл жазда 41 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс лагерьлерімен қамтылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова мәлімдеді.

Облыста алғаш рет модульді жатын бөлмелермен жабдықталған 5 лагерь іске қосылып, бір ауысымда 1000-нан астам баланы қабылдай алады. Жалпы, 52 модульді бөлме мен санитарлық блоктар орнату көзделген.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында 1 093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алуда. Биыл 11-сыныпты 33 884 оқушы аяқтайды, олардың 2 313-і «Алтын белгіге», 2 400-і «Үздік аттестатқа» үміткер. 9-сыныпты 45 мыңға жуық оқушы бітіреді.

Мектеп бітіру іс-шаралары 23 мамырда өтеді. 9-сынып оқушылары 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, ал 11-сыныптар 30 мамырдан 16 маусымға дейін мемлекеттік емтихан тапсырады. ҰБТ-ға 27 386 түлек қатыспақ, ал 6 498 түлек колледждерге оқуға түсуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 29 жаңа мектеп салынады. Оның 13-і пайдалануға берілген, қалған 16 мектеп жыл соңына дейін ашылады. 2025–2027 жылдары 115 мектеп жаңғыртылса, биылдың өзінде 41 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.

Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 15 мыңнан астам грант бөлініп, соның 9 500-і техникалық және кәсіптік білім беру бағытына берілді.