Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі талқыланды

Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі талқыланды ,-деп хабарлайды Pressa.kz тілшісі.

Түркістан облысы әкімдігінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арналған мәжіліс өтті. Жиында облыс әкімі жауапты органдарға бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Қауіпті аймақтарды анықтап, жол бойына ескерту белгілерін орнатып, жол сапасын жақсарту – негізгі міндет. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүзеге асуы керек, – деді облыс басшысы.

Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың мәліметінше, облыста күн сайын 290 патрульдік полиция қызметкері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 25 мобильді және 215 тұрақты автоматтандырылған бақылау кешені жылдамдық режимін бұзу деректерін тіркеуде.

Ақылы «Түркістан-Шымкент», «Шымкент-Тараз» жолдарында орташа жылдамдықты есептеу жүйесі іске қосылғалы бері апат тіркелмеген. Жол қозғалысын әуеден дрон арқылы бақылау да жүзеге асуда.

Мәжіліс барысында Бас прокуратураның құқықтық статистика комитеті, «ҚазАвтоЖол» және көліктік бақылау инспекциясы өкілдерінің ұсыныстары тыңдалып, мәселелер бақылауға алынды.