Түркістан облысында жыл соңына дейін 16 жайлы мектеп ашылады

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 29 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 13 мектеп пайдалануға беріліп үлгерді. Жыл соңына дейін тағы 16 жаңа мектеп оқушылар үшін есігін ашады.
Сонымен қатар, «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында оқу орындары оқулықпен, ыстық тамақпен және қосымша біліммен толық қамтылған. Мектептерді жаңғырту бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүріп жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес, 2025-2027 жылдары өңірде 115 мектеп жаңғыртудан өтпек. Биылдың өзінде 41 мектепті жөндеу жоспарланған: оның ішінде 15 мектепке ағымдағы, 26 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.
Жөндеу тек ғимаратпен шектелмейді. Асханалар, кітапханалар, спорт залдар, пән кабинеттері мен сыныптар заманауи талапқа сай жабдықталып, қауіпсіздік жүйесі мен жаңа жиһаздар орнатылады. Күрделі жөндеуден өтетін 26 мектептің 6-на қаржы облыстық бюджеттен бөлінсе, тағы 3 мектеп «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделеді.