Түркістан облысының әкімі Иран елшісімен экономикалық ынтымақтастықты талқылады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукармен ресми кездесу өткізді. Басқосуда тараптар сауда, көлік логистикасы, туризм және өңіраралық байланыстар бағытында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін сөз етті.

Нұралхан Көшеров Иранның Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасындағы маңызын атап өтіп, Түркістан облысында бірлескен жобаларды іске асыруға, шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасауға мүдделі екенін жеткізді. Аймақ басшысы Түркістанның инвестициялық әлеуетіне, табиғи ресурстары мен ауыл шаруашылығына қолайлы климаттық жағдайына тоқталып өтті. Сонымен қатар облыста дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар бар екенін және Иран компанияларын бірлескен өндірістерге шақырды.

– Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Біз экономикалық әріптестікті дамытуға, өзара тиімді жобаларды іске асыруға толық дайынбыз, – деді өңір басшысы.

Кездесу соңында тараптар барлық өзара тиімді бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендерін растады.