ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ ОЛИМПИАДАЛЫҚ ЕМЕС ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН 200 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

Өңір спортшылары халықаралық және республикалық ареналарда жоғары нәтиже көрсетті
2025 жылы Түркістан облысының спортшылары олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, өңір абыройын асқақтатты. Жыл қорытындысы бойынша облыс спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда барлығы 200 медаль жеңіп алып, республика көлемінде үздік өңірлердің қатарынан көрінді.
Облыстық Жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары жыл бойы өткізілген халықаралық және республикалық додаларда 78 алтын, 56 күміс және 66 қола медаль иеленіп, Түркістан облысының спорттық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеді.
Республикалық және халықаралық жарыстардағы жетістіктер
Нақтырақ айтқанда, өңір спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 84 жүлдені қанжығасына байласа, Қазақстан Кубогы жарыстарында 9 медаль жеңіп алған. Сондай-ақ республикалық деңгейде өтетін дәстүрлі «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарында Түркістан облысының командасы 8 жүлдеге ие болды.
Халықаралық аренада да өңір спортшылары табысты өнер көрсетті. Азия кубогында – 10 медаль, Азия чемпионатында – 22 жүлде, Әлем чемпионатында – 10 медаль, ал Әлем кубогы кезеңдерінде 33 медаль облыс қоржынына түсті. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 3 медаль иеленіп, республикалық және халықаралық турнирлерде 21 жүлдемен оралды.
Бұл нәтижелер – өңірде олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерін жүйелі дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау мен спортшылардың табанды еңбегінің нақты көрінісі.
Қазақ күресі – өңірдің брендіне айналуда
Биыл Түркістан қаласында ұлттық спортты дамытуға бағытталған бірқатар ірі халықаралық жарыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қазақ күресінен ересектер арасындағы күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған Әлем кубогы мен Азия чемпионаты облыс орталығында табысты өтті. Аталған жарыстарға әлемнің бірнеше елінен келген мықты балуандар қатысып, Түркістан қаласының халықаралық спорт орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.
Сонымен қатар қазақ күресінен жастар арасында өткен «Дала қырандары» республикалық турнирі де кәсіби талаптарға сай ұйымдастырылып, қатысушылар мен сала мамандары тарапынан жоғары баға алды. Бұл жарыстар ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға және жас спортшыларды іріктеуге мүмкіндік берді.
Жүйелі қолдау – тұрақты нәтиженің кепілі
Түркістан облысында олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Спорт инфрақұрылымын жаңғырту, жаттықтырушылар құрамын күшейту, халықаралық жарыстарға қатысуға қолдау көрсету – өңір спортшыларының жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне негіз болып отыр.
Алдағы уақытта да облыста ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу және дарынды спортшыларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының спорт саласындағы жетістіктерін еселеп, ел намысын абыроймен қорғауға мүмкіндік береді.





