Түркістан облысының жас боксшылары Азия чемпионатында 8 алтын медаль жеңіп алды

Түркістан облысының жас боксшылары Азия чемпионатында 8 алтын медаль жеңіп алды,деп жазады Пресса24.

Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатында Түркістан облысының спортшылары ел намысын абыроймен қорғап, үлкен жетістікке жетті.

Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен жас былғары қолғап шеберлері 8 алтын медаль жеңіп алды. 60 келіде Нұрислам Қалдыбек, 67 келіде Бахтияр Анарбаев, 75 келіде Аман Қонысбеков қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Қыздар арасында 63 келіде Аружан Жаңабаева мен 75 келіде Шұғыла Нәлібай алтын медаль иеленді.

2007-2008 жылғы жасөспірімдер арасындағы жарыста да Түркістан өңірінің боксшылары топ жарды. 67 келіде Сұлтан Тұрдалы, 54 келіде Алдияр Бахадур және қыздар арасында 48 келіде Айым Танкибаева алтыннан алқа тақты.

Жеңімпаздардың барлығы — «Түркістан кәсіпқой бокс клубы», Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және №3 олимпиадалық резерв мектебінің шәкірттері. Жетістіктің артында жаттықтырушылар Олжас Оразалиев, Болат Қасқаев және Қанатбек Шағатаевтың тынымсыз еңбегі тұр.

Айта кетсек, Азия чемпионатының жеңімпаздары Халықаралық бокс федерациясының ақшалай сыйлығымен марапатталды: алтынға — 1000 доллар, күміс — 500 доллар, қола — 250 доллар.