ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДІ СУМЕН ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯМЕН ҚАМТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА СУ ҚҰБЫРЫ ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДІ СУМЕН ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯМЕН ҚАМТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА СУ ҚҰБЫРЫ ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ
Өгем өзенінде ГЭС каскадымен бірге топтық су құбыры салынады
Түркістан облысында Су ресурстары және ирригация министрлігі Өгем өзенінде жеке инвестиция есебінен топтық су құбыры мен шағын ГЭС каскадын салу жобасын қолға алды.
Жоба аясында:
🔹 Ұзындығы 12 шақырымдық туннель қазылады;
🔹 40 шақырымдық су құбыры, су жинау қоймасы және Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылындағы су тазарту станциясы салынады;
🔹 Бес шағын гидроэлектр станциясынан тұратын ГЭС каскады іске қосылады.
Ауқымды инфрақұрылым жобасы Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Жетісай және Мақтаарал аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Құбырдың өткізу қуаттылығы жылына 110 миллион текше метр ауыз су болса, ГЭС арқылы сағатына 72 мегаватт электр қуаты өндіріледі. Бұл өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, су тапшылығы мәселесін шешуге жол ашады.
📌 Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов:
– Қазақстанның су шаруашылығына жеке инвестиция тарту ісі белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жоба 600-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 500-і – құрылыс кезінде уақытша, ал 160-ы – тұрақты жұмыс орны болады. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді, – деді.