ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ECO NETWORK БАСТАМАСЫМЕН «ЖАСЫЛ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жаңа жоба іске қосылды. ECO Network бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жасыл мектеп» жобасы өңірдегі білім беру ұйымдарында экологиялық ағартуды күшейтуді көздейді. Алғашқы кезеңде бұл жоба Созақ ауданындағы бес жалпы білім беретін мектепте енгізіліп отыр.
Жобаның басталуына дейін облыс әкімдігі мен ECO Network өкілдері арасында бірқатар келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде тараптар экологиялық білім беру саласында бірлесіп жұмыс істеу жөнінде ортақ шешімге келген. Осыған байланысты Созақ ауданында жобаны таныстыруға арналған арнайы ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушылар мен ұстаздарға қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму ұстанымдары түсіндірілді.
Аталған бастама жас ұрпақтың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді. Мамандардың айтуынша, экологиялық дағдыларды бала кезден үйрету – қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі.
Айта кету керек, бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ECO Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджановпен арнайы кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында экологиялық мәдениетті дамыту, саналы тұтыну қағидаттарын енгізу, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және «Жасыл мектеп» жобасын өңірде жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланған.
Кездесуде Евгений Мұхамеджанов жобаның негізгі бағыттарына тоқталып, еліміздің өзге өңірлерінде іске асырылған тәжірибелермен бөлісті. Оның айтуынша, «Жасыл мектеп» жобасы оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында балалар қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау, су мен энергия ресурстарын тиімді пайдалану туралы жүйелі білім алады.
Бұл бастама КАТКО компаниясының демеушілігімен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар жоба Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қолға алынған. Осы тұрғыдан алғанда, «Жасыл мектеп» экологиялық сананы арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары экология саласындағы жобалардың маңызын атап өтіп, «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде өңірде мұндай бастамаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ ECO Network ұйымымен серіктестіктің тиімділігіне тоқталып, алдағы уақытта бірлескен жобаларды кеңейту мүмкіндіктері қарастырылатынын айтты.
Жоба аясында жиналған қалдықтар туралы барлық ақпарат econetwork.green порталында жүйелі түрде жарияланып отырады. Бірінші жылдың қорытындысы бойынша қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін тек мектептерде ғана емес, оқушылардың отбасыларында да қалыптастыру көзделген. Бұл балалардың бастамасымен экологиялық әдеттердің күнделікті өмірге енуіне жол ашады.
Сонымен қатар сұрыпталған қалдықтардан түрлі бұйымдар дайындалып, жобаға қатысушыларға сыйлық ретінде ұсынылады. Атап айтқанда, қайта өңделген материалдардан брелоктар, телефон тұғырлары жасалады. Ал басты сыйлық ретінде пластик қалдықтардан өндірілген шахмат жиынтығы табысталады. Жоба соңында арнайы комиссия орындалған модульдердің нәтижесіне сүйене отырып, үздік мектепті анықтайды.
«Жасыл мектеп» жобасы Түркістан облысында экологиялық тәрбиені жаңа деңгейге көтеріп, болашақ ұрпақтың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.





