ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ҮШ АУЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ҮШ АУЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ
Ордабасы ауданында табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бүгін Шұбар ауылдық округіне қарасты Тоқсансай, Береке және Сарытоғай ауылдарында «көгілдір отын» беру салтанатты рәсімі өтті. Аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш шараға қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Аудан басшысы газдандыру жұмысына облыс әкімдігі мен мәслихат депутаттарының үлкен қолдау көрсеткенін атап өтті. Депутат Дулат Әбіш бұл игілікті іс Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын жеткізіп, ауыл тұрғындарына ізгі тілектерін білдірді. Ауыл халқы игілікке ризашылығын айтып, өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.
2021 жылы аудан бойынша 25 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Соңғы екі жыл ішінде аудан әкімінің үйлестіруімен нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп, 57 елді мекеннің 36-сы газға қосылды. Газдандыру деңгейі 15,7%-дан 63,1%-ға өсті.
Алдағы уақытта Шұбарсу ауылын газбен қамту көзделіп, оған қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталады. Сонымен қатар басқа елді мекендерде де жұмыс жалғасып, екі жыл ішінде аудан толық газбен қамтылады деп күтілуде.
Табиғи газ қосылған ауыл тұрғындары енді өз үйлерін газға қосуға кірісуі тиіс. Аудан әкімі ауыл әкімдіктеріне тұрғындарға қолдау көрсету тапсырмасын берді.