Түркістан: Отырар мен Созақ ауданының балалары жазғы лагердің алғашқы ауысымына қабылданды

Түркістан: Отырар мен Созақ ауданының балалары жазғы лагердің алғашқы ауысымына қабылданды

Түркістан облысында балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында биыл екі жаңа сауықтыру лагері жұмысын бастады.

Түлкібас ауданының Келтемашат шатқалында орналасқан «Отырар» жазғы лагері алғашқы ауысымына Отырар ауданынан 153 баланы қабылдады. Балалардың қауіпсіздігі үшін полиция қызметкерлері оларды лагерьге дейін арнайы сүйемелдеп жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев оқушыларға сәтті демалыс тіледі. Ата-аналар облыс әкімдігіне қолдау мен жасалған жағдайлар үшін алғыс білдірді. Жаз бойы Отырар ауданынан 1050 оқушыны қамтитын лагерь жеті ауысыммен жұмыс істемек.

Сонымен қатар, Созақ ауданының 450 оқушысы «Машат-Арасан» лагерінде тынығатын болды. Мұнда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, 20-дан астам бейнекамера орнатылып, кәсіби күзет қызметі ұйымдастырылған. Лагерьде 26 тәрбиеші мен 2 спорт жетекшісі жұмыс істейді.

Балалардың демалысы кезінде оларды адамгершілікке, ұйымшылдыққа, салауатты өмір салтына, патриоттық рух пен дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу көзделген. Әр оқушыға тәрбиешілер, психологтар, медбикелер мен пән мұғалімдері қолдау көрсетеді. Қауіпсіздік мақсатында электр, өрт, жол, су және спорт алаңдарындағы тәртіпке байланысты күнделікті нұсқаулықтар жүргізіледі.

Тынығушыларға бес мезгіл тамақ беріліп, келу және кету кезінде бойы мен салмағы өлшеніп, денсаулықтары тұрақты бақылауда болады. Қажет жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Балалардың жеке гигиенасы мен төсектердің тазалығы тәрбиешілердің бақылауында.