Түркістан: Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді қабылдау басталды

Мемлекеттік басқару жүйесіне жас, білімді әрі бастамашыл азаматтарды тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді қабылдау басталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Абылайхан Наурызбаев брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге 60 мыңнан астам адам қатысуға ниет білдіріп, олардың ішінен 400 азамат резервке алынған. Қазіргі таңда солардың 318-і мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда еңбек етуде.
Биыл төртінші рет өтетін іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді, кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар, қазақ тілін В1 деңгейінен төмен емес меңгерген азаматтар қатыса алады. Алайда Президент тағайындаған тұлғалар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері және бұрын резервке өткендер бұл іріктеуге қатыса алмайды.
Іріктеу алты кезеңнен тұрады, ал нәтижелері 2025 жылдың қазан айының соңында жарияланбақ.
Абылайхан Наурызбаев ел болашағы үшін еңбек етуді мақсат еткен жастарды бұл мүмкіндікті пайдаланып, Президенттік жастар кадр резервіне қатысуға шақырды.