ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА 5000 ТҮП КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл аймақтарды кеңейту мақсатында күзгі ағаш отырғызу маусымы белсенді түрде жүргізілуде.
Бүгін Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылып, 5000 түп қарағаш көшеті егілді. Оған Сауран ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай, аудандық бөлімдердің басшылары, қызметкерлер және 12 ауылдық округтің тұрғындары қатысты. Жалпы акцияға шамамен 1500 адам атсалысып, ауданның жасыл белдеуін қалыптастыруға үлес қосты.
Көшеттер С.Қожанов көшесінің 6 шақырымдық аумағына отырғызылды. Жұмыстарды орындау үшін 4 арнайы техника жұмылдырылды, ал көшеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоршаулар орнатылды.
Сауран ауданында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, болашақта аудан экологиясын жақсартуға бағытталған кешенді жобалар іске асырылатын болады.





